Шардара СЭС-інде жаңа су агрегатын іске қосуға дайындық жүруде

Осы жылдың желтоқсан айында Шардара СЭС-індегі төрт су агрегатының біріншісі пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта станцияда технологиялық жабдықтың сынағы ойдағыдай аяқталып, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Шардара СЭС-ін түбегейлі жаңғырту бағдарламасы аясында 2020 жылғы наурызға дейін станциядағы төрт су агрегатының бәрін де ауыстыру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру 32%-ға өз қаражаты есебінен, 68%-ға несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – Andtitz Hidro GmbX австриялық-германиялық компаниясы.

Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілді, белгіленген қуаты 100 МВт және агрегаттарының саны – 4. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станцияның технологиялық жабдығы 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, жаңғырту жобасының басталуына қарай жабдықтың тозуы шамамен 100%-ке жеткен. Су станциясында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған  зауыттар қазір шығармайды және оны өндірістен алып тастаған. Үнемділігі мен пайдалану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай болмай қалды.

Бірінші су агрегатын іске қосумен бірге, екінші агрегат бойынша құрылыс жұмыстары қатарласа жүруде. Оны біріншісі іске қосылғаннан кейін орнатады. Сонымен бір мезгілде үшіншісі орнынан алынады. Бекітілген кестеге сай, бұл уақытта бірінші (жаңа) және төртінші ескі агрегат жұмыс істеп тұрады. Осы тәсілмен, жұмыс жоспарына сай, төрт су агрегатының бәрін де жаңарту көзделген.

Ауқымды қайта құру СЭС-тің қуатын 26 процентке – қазіргі 100 МВт-тан 126 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  Жыл сайын қосымша 57 млн. кВт/сағат электр энергиясы өндірілетін болады. Жаңа жабдық су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұзартып, пайдалану сенімділігін арттырады және авария қаупінің деңгейін төмендетеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде  және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда бұл жоба үлкен маңызға ие.

«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі.  2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электрстанциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.   

 

________________________________________________________________

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі 

Тел: (7172) 55-30-62; r.tasbulatov@samruk-energy.kz